Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының "Өңірлік психологиялық қолдау және көмек орталығы" КММ
Ресми интернет-ресурс

Глубокое ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

2026 жылы 24 ақпан күні Глубокое ауданында кәмелетке толмағандар арасында суицидтің және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид пен құқық бұзушылықтың профилактикасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Глубокое ауданының әкімі – Тумашинов Эльдар Лукбекұлы, аудан әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрайымы – Старенкова Елена Васильевна, аудандық білім бөлімінің басшысы – Утепов Сарсен Дүйсембайұлы, сондай-ақ аудан мектептерінің директорлары, тәрбие жұмысы жөніндегі директор орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар мен психологтар қатысты.

Шақырылған қонақтар және секциялық алаңдардың модераторлары ретінде Өңірлік психологиялық қолдау және көмек көрсету орталықтың мамандары қатысты: орталық басшысы – Куземко Лилия Петровна, директордың орынбасары – Челнокова Анара Алтаевна, бөлім басшысы – Гутова Елена Борисовна және психолог-маман – Нурхатова Гульжаз Арғынбекқызы.

Дөңгелек үстел және секциялық жұмыстар барысында кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары мен суицидтік мінез-құлқының алдын алу және түзету мәселелері талқыланды. Аталған бағыттар бойынша заңнамалық базаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға, әлеуметтік тәуекелдерді сапалы анықтауға, сынып жетекшілерінің рөлін арттыруға, мектептердегі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің кешенді жұмысын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, жұмыстың сапасын арттыруға әсер ететін проблемалық мәселелер мен қарама-қайшылықтар айқындалды.

Осындай кездесулер мен ашық диалог кәмелетке толмағандар арасында суицид пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша тиімді әрі сенімді жұмыс жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз.